Батыс Қазақстанда 100 мыңға жуық адам жер кезегінде тұр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы аудандарында биыл жеке үй салушыларға 3252 жер телімін беру көзделуде,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Батыс Қазақстанда 100 мыңға жуық адам жер кезегінде тұр

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, соның басым көпшілігі (1572) Бөрлі ауданында. Сондай-ақ Зеленов ауданында 770 жер телімін үлестіру жоспарланып отыр. Оған қоса Теректі ауданында - 369, Ақжайықта - 218, Қаратөбеде - 87, Сырымда - 83, Шыңғырлауда - 78, Жаңақалада - 60, Тасқалада 15 жер телімі тұрғын үй құрылысына бөлінбек.

Өткен жылы 218 жер телімі үй салу үшін азаматтарға жалға берілсе, соның 51-і - Ақжайық, 35-і Жәнібек ауданында.

Айта кетейік, облыста барлығы 97 582 адам жер кезегінде тұрса, соның 69 563-і Орал қаласының үлесіне тиеді.

«Жалпы, биыл 2012-2016 жылдары басталған пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бағытындағы жұмыстар жалғасады. Оған қоса ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің ұсыныстары бекітілгеннен кейін өңірдегі барлық жер қорын тексеру жұмысы басталады. Сондай-ақ аудандық әкімдіктер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер пайдалану құқығын беру бойынша конкурстар өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жалпы көлемі 20,1 мың гектарды құрайтын 39 жер телімі бойынша 21 конкурс ұйымдастырылмақшы. Бұл ретте сауда-саттық өткізу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу мен жерге орналастыру құжаттамасын әзірлеу үшін 7,407 млн. теңге қажет», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ә.Мұханбетжанова.