Батыс Қазақстанда 186 мың гектар жер шаруаларға берілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шаруаларға табыстау мақсатында 41 конкурс өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның нәтижесінде жалпы көлемі 186 мың гектарды құрайтын 298 жер телімі шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізушілерге берілді.
Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар жыл соңына дейін 18 мың гектарды құрайтын 37 жер телімін табыстау бойынша 6 конкурс өткізу жоспарланып отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, 2019-2022 жылдар аралығында пайдаланылмай жатқан 1 млн 414 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері анықталды.
Күні бүгін атқарылған жұмыстар нәтижесінде 284 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оған ұоса 868 мың гектар жер телімдерінің иелері мақсатына сай игеруге кірісті.
Қазіргі таңда тексеру жұмыстарын жүргізу үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған 262 мың га жер бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, 61,9 мың гектар жер телімдері нысандарына жер заңнамасының талаптарын бұзушылықты жою туралы нұсқамалар берілген. 57,3 мың гектар жерлердің пайдаланушыларына тексеріс жүргізілетіні жөнінде хабарламалар жолданған. 11,1 мың гектар жерді пайдаланушыларының қайтыс болуына немесе актісі болмауына байланысты тексеру мүмкіндігі жоқ. 131,7 мың гектар жерлерге тексеру жұмыстары жүргізіледі.
«Президент тапсырмасына сәйкес игерілмей жатқан және заңсыз табысталған жер телімдерін қайтарып алу бойынша тиісті шаралар жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін республикада 5 млн, облыс бойынша бекітілген жоспарға сәйкес 250 мың га жерді мемлекетке қайтару жоспарланған болатын. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 173 мың гектар жерді иелері өз еркімен қайтарды. 54,1 мың гектар пайдаланылмай жатқандықтан, кері қайтарылды. Яғни облыс бойынша 227,1 мың гектар мемлекет меншігіне өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», деді М.Өмірәлиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Батыс Қазақстан облысында 225 мың гектар жердің мемлекетке қайтарылғанан жазған болатынбыз.