Батыс Қазақстанда 2 мыңнан астам археологиялық ескерткіш қорғауға алынған

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2162 археологиялық ескерткіш қорғауға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның инспекторы Ахмедияр Батырхановтың айтуынша, соның ішінде 31-і – республикалық маңызы бар ескерткіш.

Сондай-ақ 166-сы жергілікті маңызы бар тарих, архитектура және монументалды ескерткіш болса, 1965-і – жергілікті маңызы бар археологиялық мұра.

Өңірде тарихи-мәдени мұраларды анықтау, зерттеу, ескерткіштерді археологиялық зерделеу және ғылыми жұмыстар жүргізу, есепке алу, олардың техникалық жағдайын қарау, фотофиксациядан өткізу, сақтау, насихаттау, бағдарламалар әзірлеу, археологиялық ескерткіштерді құжаттандыру және оларға қорғау белгілерін орнату жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді.

Күні бүгін қола дәуірі, ерте темір дәуірі, орта ғасыр кезінен сыр шертетін тарихи-мәдени мұраларды зерттеу мақсатында мемлекеттік инспекцияның бөлім басшысы Абзал Байбеков бас инспектор Ерұлан Орынбасаров, жүргізуші Мәлік Жанғалимен бірге Шыңғырлау ауданында тарихи нысандарға қорғау белгілерін орнату, GРS-координаттарын анықтап және нақтылау ісін атқаруда. Аудан бойынша 192 археологиялық ескерткіш анықталып, соның 132-сі мониторингтен өтті. Қалған 60 ескерткішке мониторинг жүргізілуде.

«Тарихи-мәдени ескерткіштерді көздің қарашығындай қорғау – біздің басты міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Батырханов.


Соңғы жаңалықтар