Батыс Қазақстанда 250 мың тоннаға жуық астық жиналды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 248,2 мың тонна астық жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2 мың тоннаға артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанышқали Есімовтің айтуынша, биыл дәнді дақылдар 230 мың гектарға себілсе, соның 220,8 мың гектары орылып, әр гектарға 11,2 центнерден айналды.

Өткен жылы 251 мың гектарға егілген дәнді дақылдан орташа 9,9 центнер өнімділікпен 242 мың тонна өнім жиналған еді.

Сондай-ақ 123,1 мың гектарға майлы дақылдар егілсе, күні бүгінге дейін соның 23,7 мың гектары немесе 19 пайызы орылып, орташа 4,6 центнер өнімділікпен 10,9 мың тонна өнім алынды. Өткен жылы 78,6 мың гектардан 82,8 мың тонна өнім (әр гектарға – 10,5 центнерден) жиналған еді.

Картоп 4081 гектарға егіліп, әзірге 1358 гектардан (33 пайыз) 17 мың тонна (гектарына – 125,6 центнерден) алынды. Сол секілді көкөніс дақылдарының 2015 гектарынан (барлығы 3251 га) немесе 60 пайызынан 26,2 мың тонна өнім (гектарына 129,9 центнерден) жиналды. Бақша дақылдары 1716 гектарға егіліп, 1106 гектардан 16,8 мың тонна (гектарына 140,4 центнерден) өнім алынды.

Ауыл шаруашылығы өнімін жинау жұмыстары жалғасуда.

Қ.Есімовтің сөзіне қарағанда, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы алқабы 547,6 мың гектарды құрап отыр. Егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жасақталған меморандумға сәйкес егіс алқабы өңірде 513,9 мың га болуы тиіс болса, бұдан 34 мың гектарға артық.

Биыл дәнді және майлы дақылдан бөлек мал азықтық дақылдар егістігі 182,5 мың гектарды құрады.


Соңғы жаңалықтар