Батыс Қазақстанда 253 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 253 283 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, бұл – облыстағы егілуге тиісті тұрғындардың (414 389) 61 пайызы.
Орал қаласында 224 092 адамның күні бүгін 128 895-і бірінші екпені салдырды.
Сондай-ақ облыс бойынша 238 752 тұрғын (57,6 пайыз) екінші компонентті де алды.
Өңірде егу жұмыстары жалғасуда.
Күні бүгін 7233 адам ревакцинациядан өтті. Pfizer вакцинасын 4148 адам қабылдаса, соның 116-сы – жүкті, 1607-сі – сәби емізетін әйелдер, 2425-і – жасөспірімдер.
Облыстық басқармадан түскен мәліметке қарағанда, соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру 49 пайызға (50 науқасқа) кеміді.
Қазіргі кезде 286 адам амбулаторлық ем алса, 69 науқас стационарларда жатыр. Бұлардың 10-ы жансақтау бөлімінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 46 пайызға төмендегенін жазған болатынбыз.