Батыс Қазақстанда 277 дәрігер жетіспейді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан 14 мыңнан астам маманға 3,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тұрғындармен онлайн кездесуінде мәлім еткеніндей, қызметте ерен еңбегімен көзге түскен 15 медицина қызметкері «Парасат», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» сияқты орден, медальдармен наградталды.

Өңір басшысының сөзіне қарағанда, облыста медицина кадрлары мәселесі күрделі болып отыр. Өкінішке қарай, облыста 277 дәрігер жетіспейді, соның ішінде 173-і қалада, 104-і аудандарда. Дегенмен 2019 жылмен салыстырғанда, кадр тапшылығының 10 пайызға төмендеуі байқалады. 2020 жылы облысқа барлығы 106 жас маман келді.

Өңір дәрігерлері қиын оталарды жасау бойынша тәжірибе жинақтау үстінде. Мысалы, қалалық көпбейінді ауруханада алғаш рет инсульт алды күйдегі науқастардың ми артерияларына өте күрделі оталар жасалды. Ал кардиологиялық орталықта алғаш рет жаңа босанған науқастың қолқа клапанын ауыстыру отасы сәтті іске асты.

«Медициналық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында Президент тапсырмасына сәйкес үш ай мерзім ішінде жаңа модульді инфекциялық аурухана тұрғызылып, қазір халыққа қызмет көрсетіп жатыр. 2020 жылы 1,7 млрд теңгеге 15 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Тұңғыш Президент қорының қолдауымен облыстық балалар көпбейінді ауруханасында жабдықталған балаларды оңалту орталығы ашылды. Сондай-ақ 37 санитарлық автокөлік сатып алынып, жедел жәрдем автокөліктері 100-ге дейін ұлғайды. Ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін 9 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, аудандарға таратылды», деді Ғали Нәжімеденұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғын үйлерді іске қосу 9,1 пайызға артқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар