Батыс Қазақстанда 5 мыңнан астам ірі қарадан бруцеллез табылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 5030 бас ірі қара, 788 бас ұсақ мал бруцеллезге шалдықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінен мәлім еткеніндей, аталған санитарлық мал басы уақтылы союға тапсырылды.

Малды бағып-күткен кезде, сондай-ақ оның өнімдерін пайдаланған кезде бруцеллез адамға да жұғады.

Биылғы он бір айда 45 адамның осы індетпен ауырғаны тіркелді. Соның ішінде Ақжайық ауданында – 16, Бөрліде – 5, Бәйтеректе – 7, Жаңақала, Тасқала, Шыңғырлауда – 2-2-ден, Қаратөбеде – 1, Орал қаласында 8 адам сырқаттанды.

«Жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 13 ошағы (1 қарасан, 4 құтыру, 7 жұқпалы ринотрахеит, 1 брадзот) тіркелді. Ауру ошақтарында республикалық эпизоотияға қарсы жасақ қызметі арқылы тиісті вакцинациялау, дезинфекциялау жұмыстары атқарылды. Жыл сайын ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес жануарлардың 12 аса қауіпті ауруына қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ірі қара саны 790 мыңға жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар