Батыс Қазақстанда 500 қызметкер жұмысқа шығудан бас тартты – әкімдік оқиғаға түсінік берді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 16 қаңтарда «KKC-Sicim» ЖШС-ның 500-дей қызметкері жалақыны 50 пайызға көтеруді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Бөрлі ауданы Пугачев ауылында орналасқан «KKC-Sicim» ЖШС-да барлығы 3 мыңдай адам жұмыс істейді.

«KKC-Sicim» басшылығы биылғы ақпанда ұжымдық еңбек шарты бойынша жалақыны 20 пайызға көтеруді жоспарлаған. Осы мәселе бойынша 16 қаңтар күні жиналыс өткізу көзделген. Мұны күні бұрын компанияның кадр қызметі барлық қызметкерлерге хабарлаған.

Айта кетейік, соңғы рет еңбекақы өткен жылдың ақпанында 8,5 пайызға көтерілген.

Бөрлі ауданы әкімдігінен мәлім еткеніндей, 13 қаңтар күні әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның отырысы өткізіліп, онда «KKC-Sicim» ЖШС қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі талқыланған.

Сондай-ақ «KKC-Sicim» компаниясы басшылығының шешімімен еңбек қауіпсіздігі техникасын сақтау мақсатында күннің суытуына байланысты 9-10 қаңтар күндері жұмысты тоқтату мәселесі де ортаға салынған.

Еңбек шартына сәйкес жұмыс тоқтап тұрған кезде қызметкерлерге жалақының 50 пайызы төленеді. Әйтсе де басқа жақтан келіп, қалашық аумағында тұратындар жұмыс тоқтап тұрған кезде жалақыны 100 пайыз көлемде төлеуді, оған қоса еңбекті бағалауда біліктілікке өзгеріс енгізіп, жолақыға қаржы бөлуді талап еткен. 10 қаңтар күні компания басшылығы жұмыс тоқтап тұрған мезгілде 9 сағат бойынша төлем төлеу, жолақыны 60 пайызға дейін көтеру жөнінде шешім қабылдаған.

Ақпаннан бастап аттестация өткізу жоспарланған, соның қорытындысына сәйкес әр қызметкер біліктілік дәрежесін көтеруге мүмкіндік алады.

«KKC-Sicim» басшылығының қатысуымен өткен үшжақты комиссия отырысында қызметкерлермен кездесу 16 қаңтар күні жұмыстан кейін сағат 20.00-де өтетіні хабарланған. Онда жұмыс тоқтап тұрған уақытта 9 сағатқа еңбекақы төленетіні, жолақыны көтеру, аттестацияның басталатыны, сондай-ақ инфляцияны ескере отырып, ұжымдық еңбек шартына сәйкес жалақыны 20 пайызға арттыру жөнінде хабарлама жасау көзделген еді.

«Үшжақты комиссияда айтылған мәселелер жөнінде қызметкерлер хабардар болды. Алайда 16 қаңтар күні таңмен қызметкерлердің бір бөлігі жалақыны 50 пайызға көтеруді талап етіп, жұмысқа шықпады. Сонымен қатар біліктілікті айқындау үшін сынақ тапсырудан бас тартты», деп түсіндірді Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов.

Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың сөзіне қарағанда, қызметкерлерге митингі өткізу жөнінде заңға сәйкес бес тәулік бұрын жергілікті атқарушы органдарға хабар беруі керектігі жөнінде ескертілді.

«Рұқсат етілмеген митингі, ереуілдерді ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Тұтастай алғанда, жағдай тұрақты», деді А.Сарқұлов.


Соңғы жаңалықтар