Батыс Қазақстанда 640-тан астам науқас амбулаториялық ем алып жатыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 643 науқас амбулаториялық ем алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, соның 71 пайызында ауру жеңіл өтіп жатыр, 6 пайызында орташа ауыр, 23 пайызы – симптомы жоқтар.
Оның айтуынша, сонымен қатар облыста 911 төсектік 16 инфекциялық стационарда 221 науқас емделуде. Стационарлар 24,3 пайызға толған.
Соның ішінде 88 төсектік жансақтау бөлімшесінде 21 адам (толымдылығы – 23,9 пайыз) ем қабылдап жатыр. Бұлардың 20-сы ауыр, біреуі аса ауыр халде.
Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 1, инвазивті емес осындай құрылғыға 8 науқас қосылған.
Науқастардың 13-і жүрек-қан тамырлары ауруларына, бесеуі қант диабетіне шалдыққан.
Пандемия басталғаннан бері 38 834 науқастың 83,3 пайызы (32 357) жазылып шықты. Барлығы 812, биыл 643 адам індеттен көз жұмды.
Облыстық жедел жәрдем станциясына соңғы аптада 6 157 қоңырау шалынса, соның 782-сі (12,7 пайыз) ковидке байланысты болды. 110-ы стационарға жатқызылды.
«Бүгінде қала және аудан емханаларында «Спутник V», «QazVac», «Vero Cell» вакциналары жеткілікті көлемде бар. Осы кезге дейін облыс бойынша 235 760 адам бірінші, 214 499 адам екінші компонентпен егілді. Тұрғындарды вакцинациялау жұмысы жалғасуда», - деді Г.Әбдірахманова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 235 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы екпе алғанын жазған болатынбыз.