Батыс Қазақстанда 82 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алуда

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, төртінші тоқсанда мектептерде оқыту бірнеше форматта жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, облыс бойынша 379 мемлекеттік мектеп болса, соның 279-ы штаттық, 100-і аралас форматта жұмыс жасайды.

Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, жалпы оқушы саны 110 мыңнан астам болса, соның 25,4 пайызы (28 мыңнан астамы) штаттық режимде, ал 74,6 пайызы (82 мыңнан астамы) қашықтан оқытылуда.

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 30 наурыздағы қаулысына сәйкес контингенті 300 оқушыға дейінгі ауыл мектептерінде бала санын 25-тен асырмай дәстүрлі түрде оқыту қарастырылды. Ал Бөрлі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласы мектептерінде сыныптағы бала саны 15-тен аспауы тиіс.

Сол секілді жалпы білім беретін мектептерде мектепалды және 1-5 сыныптар аралас форматта оқытылады. 9, 11 сыныптар бала санын 15-тен асырмай, аптаның алты күні ішінде пәндердің 70 пайызын штаттық режимде, 30 пайызын аралас форматта оқиды. Ал 6,7, 8, 10 сыныптар қашықтан білім алады.

Барлық мекемелер санитайзер, антисептикалық құрал, термометрия, кварц шамдары, диспенсер, дезинфекциялау құралдары, ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілді.

Карантин кезінде білім сапасын көтеру мақсатында және оқушылардың бағдарламадан артта қалу деңгейін анықтау және оны теңестіру, негізгі пәндер бойынша 15 баладан аспайтын топтарда шәкірттерге кеңестер берілуде.

Қорытынды аттестаттау және ҰБТ-ға дайындық бойынша облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, мектеп бітірушілерге онлайн консультациялар ұйымдастырылуда. Онлайн консультацияларға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, «Үздік педагогтер», «Озат тәжірибелі педагогтер», білім орталықтарының ұстаздары тартылды.

Сондай-ақ білім беру ұйымдарының бірінші сыныбына балалардың ата-аналарынан немесе өзге де заңды өкілдерінен құжаттарды қабылдау 1 сәуірден басталды және 1 тамызға дейін жалғасады.

«Сала бойынша туындайтын мәселелерге жедел жауап беру үшін облыстық білім басқармасының call-орталығы 1301, 87471127407 телефондары тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің call-орталықтары да бар», деді А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 434 баладан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар