Батыс Қазақстанда 9 білім нысанын салуға 6,1 млрд теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 9 білім нысаны құрылысына 6,1 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, соның ішінде Орал қаласындағы 300 орындық №4 орта мектеп, Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылында 50 орындық балабақша, Жәнібек ауданы Ақоба ауылында Х.Халиуллин атындағы орта мектептің спорт залы пайдалануға берілді. Оралда Деркөл кентінде әрқайсысы 600 орындық екі және Зачаган кенті Сарытау шағынауданында 900 орындық бір мектеп құрылысы аяқталып келеді.

Бұдан басқа шетелдік инвестиция есебінен Бөрлі ауданында 320 орындық балабақша, 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылып, сол ауданның Аралтал ауылында 300 орындық және Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылында 198 орындық мектеп салынуда.

Қазталов ауданы орталығында 100 орындық мектеп интернаты, Теректі ауданы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйі, Зеленов ауданы орталығында 160 келушіге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Сондай-ақ биыл жергілікті бюджеттен білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,1 млрд теңге, оқулық алуға 2,4 млрд теңге бөлінді. 16 білім нысаны күрделі жөндеуден өткізілді.

Айта кетейік, 2018 жылы Зеленов ауданы Дариян ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында 70 орындық интернат, Теректі ауданы Сарыөмір ауылында 48 орындық сауықтыру лагері, Оралда спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ғимараты құрылысы мәреге жетпекші.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында келер жылы 1490 орындық бес балабақша, 35 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақшы.

Соңғы жаңалықтар