Батыс Қазақстанда адамдардың кепілдікке алынғандығы жөніндегі хабар жалған болып шықты
ОРАЛ. 18 мамыр. ҚазАқпарат - 17 мамыр күні Казаченко деген Ақсай қаласының тұрғыны өзінің екі туысы, Ресей азаматтарын белгісіз біреулер кепілдікке алып, Орал жаққа бет алды деп хабарлаған.
Облыстық ішкі істер департаменті жедел басқару орталығының бастығы Игорь Гуртовойдың мәлімдеуінше, дабыл бойынша ІІД, Орал қалалық, сондай-ақ Бөрлі, Теректі, Сырым аудандық ішкі істер бөлімдерінің жеке құрамы аяғынан тік тұрған. «Қылмыскерлер мен кепілге алынғандарды» босатуға барлығы 285 полиция қызметкері мен 54 автокөлік жұмылдырылған.
Құқық қорғаушылар 1,5 сағат бойы Федоров ауылы тұсында жолдан өткен ресейлік нөмірлі автокөліктерді тоқтатып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде күдіктілер қолға түсті.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін олар Бөрлі аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді. Ұсталғандарды тексеру барысында бұлардан адам өміріне қатер төндіретіндей ешқандай қару-жарақ табылмады. Осы оқиғаға қатысы бар адамдардың айтуынша, Ақсай қаласының А. есімді тұрғыны Ресей азаматынан электр құралын (болгарка) сатып алады. Үйіне барып қараса, құрал жұмыс істемейтін болып шығады. Бұған ренжіген ол сатушыға барып, құралының жарамсыз екенін айтады. Сөйтеді де, қажетсіз құралды иесіне тапсырып, одан өзінің ақшасын кері қайтаруын талап етеді. Бұндайды күтпеген Ресей азаматы сасып қалып, өз автокөлігіне мініп алады да, қаша жөнеледі. Ал талап етуші оның артынан қуады. Осы екі арада жақындарымен ұялы телефон арқылы байланысқан әйел болған жағдайды дұрыс түсінбей қалады. Ол жақындарын біреулер машинаға еріксіз салып алып, ұрлап әкетті деп ойлап, жалма-жан ішкі істер бөлімінің қызметкерінен көмек сұрапты.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша тексеру ісі жүргізілуде.