Батыс Қазақстанда ақын Сағынғали Сейітовтің мерейтойына арналған шаралар басталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, сыншы, әдебиеттанушы-ғалым Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған шаралар басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Батыс Қазақстанда ақын Сағынғали Сейітовтің мерейтойына арналған шаралар басталды



Алдымен мерейтойға арнайы келген Сағынғали Сейітовтің қыздары Дидар мен Ділбарды, ақын, Қазақстан Жазушылары одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайды, сондай-ақ композитор Илья Жақанов пен ақын Ақұштап Бақтыгерееваны облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, құрмет көрсетті.

Кездесуде өңір басшысы Сағынғали Сейітовтей сыршыл ақынның туған жеріне арнаған, дәуір белестері мен текті тұлғаларын суреттеген жырлары ел жүрегінде мәңгі қалатынын, ол өлеңдерді әлі талай жас ұрпақ жаттап өсетінін жеткізді. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айқындалғанындай, әр азамат өзінің туған өлкесін, елінің тарихын жете танып, батырлары мен ақын-әншілерін, хандары мен халық композиторларын құрметтей білуі керек. Бұған Сағынғали Сейітовтей ақындардың туындылары темірқазықтай жол көрсетеді. Осындай тұлғаларды қадірлеу арқылы елдің елдігі көрінеді. Сондықтан ақынның 100 жылдығын жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор.



Бұдан кейін Қадыр Мырза Әли атындағы  мәдениет және өнер орталығында «Өз дәуірінің дауылпазы» атты еске алу кеші өтті.

«Мен қашан болдым деппін, пістім деппін, Ретін таптым талай істің деппін. Үйренер үлкеннен де, кішіден де, Өлеңнің өнерінде студентпін», деп, Сағынғали ағамыз жетпіс жасында өзі жазғанындай, өмірінде сол биязы да елгезек, адам жанына үңілгіш сергек те кішіпейіл қалпынан айныған жоқ. Сондай ғажайып мінезімен әдеби ортада сегіз қырлы, бір сырлы адам ретінде таныла білді.  Оның ақындығымен қатар ғалымдығы, әдебиетті зерттеушілігі жөнінде көп айтуға болады. Біздің көз алдымызда өн бойынан мейірім төгіліп тұратын, ізгі ниетті жан ретінде қалды. 1951 жылы шыққан «Большевиктер» атты жинағынан бастап елуге тарта кітап шығарып, аудармалар жасап, қазақ әдебиетіне қомақты үлесін қосып кетті», - деді Ғалым Жайлыбай.

Шарада сол секілді ақын Ақұштап Бақтыгереева, композитор Илья Жақанов әсерлі естеліктерімен бөліссе, С.Сейітовтің қызы Дидар әкесін құрметтеген еліне деген ыстық ықыласын білдірді. Ақын өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды.

Айта кетейік, С.Сейітовтің 100 жылдығына арналған негізгі шаралар 12-13 қыркүйек күндері туған жері - Ақжайық ауданында өтеді.