Батыс Қазақстанда алты мыңға жуық асыл тұқымды мал сатып алу көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл тұқымдық түрлендіруге 142,8 мың бас аналық мал басын қатыстыру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Батыс Қазақстанда алты мыңға жуық асыл тұқымды мал сатып алу көзделуде

Оның айтуынша, сол малға күні бүгін 2,4 мың бас асыл тұқымды бұқа қажет (2016 жылы тұқымдық түрлендіруге 129 мың бас мал қатыстырылған еді). Сонымен қатар 2017 жылы 5 349 асыл тұқымды мал (2016 жылы - 4 548 бас) сатып алу көзделуде.

«Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР Заңына сәйкес облыста 130 ауыл шаруашылығы (соның 129-ы мал, біреуі өсімдік шаруашылығы бағытында) құрылып, жұмыс жасауда. Өткен жылы кооперативтерге барлығы 398,2 млн теңге субсидия төленді. Өңірге 2016 жылдан 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін 9 ауыл шаруашылығы кооперативі, 261 мал бордақылау алаңы, 2 сүт қабылдау, 7 мал сою пункті, 9 рефрижератор алу және 7 мал сою пунктін жабдықтау жоспары берілген болатын. Күні бүгін облыс бойынша мал бордақылаумен айналысатын 23 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның БҚО филиалы арқылы 3 494 бас ірі қара сатып алуға 247 отбасы 634,9 млн теңге несие алды.

Сонымен қатар Ақжайық ауданында 400 млн теңгеге ауысымына 50 бас мал соятын пункт («Батыс Нық» ЖШС) іске қосылып, жұмыс жасауда. Мұнда 15 жұмыс орны ашылды. Тасқала ауданында «Тасқала сүт» ЖК ауысымына 1 тонна сүт өңдейтін цехты ақпан айында ашып, он адамды жұмысқа алды. Ал Зеленов ауданы Дариян ауылында «Каверина» ЖК-ның күніне 40 тонна сүтті өңдейтін кәсіпорны осы наурыз айында пайдалануға берілмекші (40 жаңа жұмыс орны).

Өткен жылы қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2017 жылдың 1 сәуірінен 30 желтоқсанға дейін 12 ауыл шаруашылығы кооперативі, 505 мал бордақылау алаңы, 1 сүт қабылдау, 8 мал сою пункті, 10 рефрижератор алу және 10 мал сою пунктін жабдықтау қолға алынбақ. Бұл жоспарды орындау үшін облысқа 1474,0 млн теңге бюджеттік несие қарастырылған (300 жұмыс орны).

«Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес 2013 жылдың 18 ақпанында «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша мемлекеттік салалық бағдарлама дайындалып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №151 қаулысымен бекітілген болатын. Бағдарламаға сәйкес ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Үкімет тарапынан жылма-жыл айтарлықтай қаржы бөлінуде. 2013-2016 жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан 29 млрд 371 млн теңге бөлінсе, тек 2016 жылы 9,3 млрд теңге беріліп, 2013 жылғы қаражатпен салыстырғанда, екі есеге көбейді. 2016 жылғы қарашада Елбасының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік салалық бағдарлама қайта қаралып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 14 ақпандағы №420 Жарлығымен Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болып бекітілді. Бұл Елбасының ауыл шаруашылығы саласының дамуына деген үлкен қолдауы деп білеміз. Аталған бағдарлама аясында субсидияларды бөлу қағидалары қайта қарастырылып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан нақты ұсыныстар дайындалуда. Дайындалған ұсыныстар мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және қайта өңдеу саласын қамтитын болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Өтеғұлов.