Батыс Қазақстанда «Astana Musical» мемлекеттік театрының гастрольдік сапары өтуде
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Astana Musical» мемлекеттік жастар театры гастрольдік сапары барысында А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында «Шәмші» мюзиклін қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық театр осыдан үш жыл бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанынан құрылған.
Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің айтуынша, «Шәмші» мюзиклі - жас ұжымның тырнақалды туындыларының бірі.
Авторы - Мәдина Омарова. Қойған режиссер - Асхат Маемиров. Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың қасында жүрген жазушы Оразбек Бодықовтың естеліктері негізінде жазылған дүние.

Спектакль Шәмші өмірінің қалтарыс-бұлтарысқа толы сан тұстарын, өмірі мен шығармашылық жолын көрсете отырып, оның азаматтық жандүниесін ашып көрсетеді. Бүкіл халқы танып, «вальс королы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың жоғары білімі болмағандықтан, ол Композиторлар одағына қабылданбайды. Күрескер Шәмші сонда да алған бетінен қайтпайды, өзінің талантын бағалайтын халқына сенеді.
Бүгінде еліміздің Гимніне айналған «Менің Қазақстаныммен» тәмамдалатын қойылымның өнбойы Шәмшінің әндерімен әрленіп, көркемделіп отырады. Мюзикл жанрының ерекшелігі де осында.
Шәмші бейнесінде Сұлтан Кеңшілік, Саламат Мұқашев және Әділет Әбдіқадыров көрініп, әр қырынан таныта білді. Сондай-ақ театрдың басқа да жас әртістері өз рөлдерін сәтті алып шықты.

Театр сонымен қатар Ақ Жайық жұртшылығы назарына Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» этно-фольклордық мюзиклін және Мұқағали Мақатаевтың «Ғашық жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымын ұсынды.
Кілең жастардан құралған театр Қазақстан аймақтары өз алдына, осы үш жылдың ішінде «Қыз Жібек» мюзиклімен бес елдің астанасын, атап айтқанда Берлин (Германия), Париж (Франция), Вена (Австрия), Брюссель (Бельгия) және Мәскеу (Ресей) қалаларын гастроьдік турнемен аралап үлгерен.
«Елбасымыз жариялаған Жастар жылы аясында еліміздің бірнеше өңірінде болмақшымыз. Батыс Қазақстаннан кейін Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан өнер сапарымен бармақшымыз. Мұндағы мақсат - қазақтың музыкамен әрленген өнерін насихаттау, ұлы тұлғаларымызды халқымызға кеңінен таныта түсу», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Асхат Маемиров.