Батыс Қазақстанда әйел екі ұлымен бірге Жайық өзеніне батып кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тағы үш адам суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда әйел екі ұлымен бірге Жайық өзеніне батып кетті

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 4 шілде күні Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында болды.

Сағат 19.00-де Жайық өзенінен 36 жастағы әйел оның 7 және 5 жасар ұлының денесі табылған. Әйел киімшең, балалары шешінген күйінде болған.

Олардың денесін жергілікті тұрғындар шығарып алған. Бұл туралы хабар сағат 20.40-та түсті.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде. Қаза тапқандар - Ресей Федерациясының тұрғындары.

Осылайша Батыс Қазақстан облысында суға кеткендер саны 17-ге жетті. Оның жетеуі - балалар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында сегіз жасар баланың суға кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда әкесі қызын құтқарам деп екеуі де суға кетті.