Батыс Қазақстанда «Азаттықтың алтын күні» атты ақындар айтысы мәреге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі ауданы орталығы Федоров ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған «Азаттықтың алтын күні» атты облыстық ақындар айтысы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Додаға барлығы он сегіз ақын қатысып, азаттықты аңсаған Алаш қайраткерлерінің атқарған қызметі мен тарихтағы орны, қазіргі рухани жаңғыруға байланысты келелі мәселелерді жырға қосты. Олардың арасында республикалық сайыстарға қосылып, танылып қалғандары, сонымен қатар мектеп қабырғасында жүргендер де болды. 
Айтыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Ақжайық ауданының түлегі, қазір Оралда тұратын Айнабек Бисенғалиев бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің магистранты Алшынбек Мұқанғалиев бірінші, теректілік Эльдар Иқсанов пен бөрлілік Жарқынбек Шынтаев екінші, қаратөбелік Райымбек Өтепов, сырымдық Бауыржан Ширмединұлы және ақжайықтық Бекболат Қаленов үшінші орынға ие болды.
Айта кетейік, Теректі ауданы соңғы жылдары ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында айтысты тұрақты ұйымдастырып келеді.
