Батыс Қазақстанда бес нысанның құрылысы кешеуілдеп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бес нысанның құрылысы кешеуілдеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда бес нысанның құрылысы кешеуілдеп отыр

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылғанындай, биылғы сәуірден бері өңірде құрылыс барысына «Битрикс 24» ақпараттық жүйесі арқылы

мониторинг жүргізіліп келеді.

Оған көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, автожолдар құрылысы, инженерлік желілерді тарту сынды бағыттар бойынша 693 жоба енгізілген.

Күні бүгін 241 жоба мәресіне жетсе, 187-сі қаржы жоқтықтан тоқтатылған. 265-інде жұмыс жүргізілуде.

Аталған жүйе мәліметіне сәйкес 5 нысан бекітілген кестеден кейінге қалған.

Бес нысанның бірі Орал қаласында. Зачаган кентінде жаңадан салынып жатқан 9 көпқабатты үйге электр, газ және жылу желілерін тарту, жылу қазандығын салу жұмысын мердігер 29 қарашада аяқтауы тиіс еді.

Қала әкімі Абат Шыныбеков осыған байланысты қазандықта ішінара жұмыстар қалғанын, нысанның желтоқсан айының соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.

Теректі ауданында үш нысанның құрылысы, атап айтқанда, Ақсуат ауылында орта мектеп және Федоровта Рабочая мен Молодежная көшелерінің жолын күрделі жөндеу уақтылы

бітпеген.

Аудан әкімі Арман Өтеғұловтың сөзіне қарағанда, жол салушы «Разак» ЖШС-мен келісімшарттың күші жойылып, мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз

қатысушысы деп тану туралы сотқа талап-арыз берілген.

Ақсуат орта мектебін күрделі жөндеудің аяқталмауына қолайсыз ауа райы әсер еткендіктен, мердігер «Алтим» ЖШС жылдың соңына дейін мерзімін ұзартуды сұраған.

Сол секілді Қазталов аудандық ауруханасын күрделі жөндеу жұмысы да (мердігер «Жиенбай» ЖШС) бітпей отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың мәлім еткеніндей, бұл мекемені де жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап-арыз берілген.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің түсіндіруінше, бастапқыда құрылыс жобасына қатысты кідірушілік болып, мердігер мекеме уақытты өткізіп алған. «Жиенбай» ЖШС көптеген жобаларды қолға алып, соның ішінде Тасқала ауданында жұмыс істеуде. Қазіргі кезде жұмысшыларды басқа жобалардан босатып, Қазталовқа жіберген. Бұл нысанның жұмысы да жыл соңында мәреге жетпек.

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев бұған қанағат етпей, «Жиенбай» ЖШС басшысымен өзі кездесетінін, құрылыс нысандарының уақтылы аяқталуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.