Батыс Қазақстанда бес жылда 56 млн түп ағаш отырғызу көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2021-2025 жылдар аралығында 56 млн астам түп ағаш отырғызу көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда бес жылда 56 млн түп ағаш отырғызу көзделуде

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Закария Тұралиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл іс-шаралар Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауына сәйкес мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд түп ағаш отырғызуға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында жоспарланып отыр.

Осыған орай облыста кешенді жоспар жасалып, тал-терек отырғызу жұмыстарын 2021 жылғы 900 гектардан 2025 жылы 4794 гектарға дейін ұлғайту ойластырылуда.

Атап айтқанда, өңірдегі мемлекеттік орман қоры жерлерінде бес жылда 15096 га жерге ағаш отырғызып, 6851 га алқапта орман ағаштарын толықтыру жұмыстары жүргізілмекші.

2021 жылы – 3,47 млн, 2022 жылы – 8,1 млн, 2023 жылы – 11,8 млн, 2024 жылы – 14,96 млн, 2025 жылы 18,2 млн түп ағаш көшеті егілмекші.

З.Тұралиевтің сөзіне қарағанда, осыған орай қара пар жүйесімен топырақ дайындау, ағаш отырғызумен қатар оны күту, екпе көшеттерін өсіру, тал-терек түрлерінің тұқымын жинау жұмыстары жүргізіледі.

Биыл 900 гектар жерге ағаш отырғызып, 450 гектарға орман дақылдарын толықтыру жоспарланған болатын. Көктемде 311 гектарға ағаш отырғызылып, 273 гектар жердің орманы толықтырылды. Барлығы 1328,9 мың түп тал-терек егілді.

Қалған жұмыс көлемі күз айларында орындалмақшы. 2021 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында 10 мың гектар жерге ғылыми жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 55,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде.

«Облыстық кешенді жоспарға сәйкес барлық жұмысты сапалы және уақтылы орындау үшін орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1506,5 млн теңге қарастырылды. Осы мақсатқа биылғы жылға 1038,8 млн теңге қосымша бюджеттік өтінім берілді.

Күні бүгін өтінім облыстық бюджеттік комиссияда қаралу үстінде», деді З.Тұралиев.