Батыс Қазақстанда білімділер додасында өңір жастары сынға түсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда бүгін «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Білімділер додасы» зияткерлік ойыны басталды. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өтіп жатқан іс-шараға өңірдегі үздік жастар командалары қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Болатбек Сахиев

Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен бастау алған бұл жоба облыс жастарының шығармашылығын дамытуға бағытталып отыр.

Бірнеше кезең бойынша өтетін зияткерлік ойында түрлі салада еңбек етіп, үздіктер қатарынан көрініп жүрген жастардың білім деңгейі сыналып, ақыл-ой деңгейлері таразыға түспек.


Ойынның ашылу салтанатында сөз алған Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қалаубек Теміров аталмыш іс-шараның мән-маңызына тоқталып, жастар саясаты саласы – мемлекеттің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

Сонымен қатар қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

«Өнер мен білім сынға түсіп, шығармашылық шыңдалатын бұл жоба Ақ Жайық өңірінің озық жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізеді деп үміттенеміз. Жобамыздың мақсаты – жастар арасында ғылым мен білімді, қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, қатысушылардың бойындағы зияткерлік дағдыларын, парасаттылығын осы байқау арқылы көрсету», - дейді ұйымдастырушылар.

Зияткерлік ойынға қатысатын 10 командаға ойынның ережесі мен талаптары түсіндірілді. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанған командалар жартылай финалда және финалдық кезеңде өнер көрсететін болады.

Зияткерлік ойын жыл соңына дейін жалғасады.



Соңғы жаңалықтар