Батыс Қазақстанда бір күнде 2 адам суға кетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір күнде екі адам суға кетті , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 24 шілде күні орын алды.
Бәйтерек ауданы Переметный ауылы маңында сағат 14.20-да Деркөл өзенінен 1967 жылғы ер адамның денесін жергілікті тұрғындар шығарып алды. Ол суға шомылуға тыйым салынған жерден түсіп, белгісіз жағдайда батып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, марқұм мас күйінде болған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы кейін белгілі болмақ.
Кеше сондай-ақ сағат 16.40-тан Орал қаласында Учужный затон маңында Жайық өзеніне батып кеткен 2001 жылғы жігіттің денесін құтқарушылар (9 адам, 2 жүзу құралы) іздестірді. Ол да шомылуға тыйым салынған жерден түскен.
Қазіргі кезде іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Осылайша өңірде биыл суға кеткендер саны 27-ге жетті, соның 8-і – балалар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда әйел тік жардан құлап кеткен болатын.