Батыс Қазақстанда бір күнде 206 науқас коронавирустан жазылып шықты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте 206 науқас жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 70 адамнан індет табылса, соның 53-інде ауру белгілері бар болып шықты.
Осы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 2,2 пайызға (11-ге) азайды.
Басқарма мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде 486, соның ішінде 404 науқас Орал қаласындағы инфекциялық стационарларда емделуде. 38-і жансақтау бөлімінде.
Бұл ауруханаларда емделушілердің көбейіп отырғанын көрсетеді.
Індет басталғаннан бері тіркелген 24350 науқастың 19647-сі емделіп шықты. 367-сі көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 480-нен астам адамның стационарда емделіп жатқанын, коронавирусқа қарсы ұжым болып егілудің маңызы зор екендігін жазған болатынбыз.