Батыс Қазақстанда болашақ дәрігерлерді бюджет есебінен оқыту қолға алынбақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жергілікті бюджет есебінен медицина кадрларын жүйелі түрде оқыту қолға алынбақ. Бұл туралы бүгін облыстық қазақ драма театрында Медицина қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиналыста облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Батыс Қазақстанда болашақ дәрігерлерді бюджет есебінен оқыту қолға алынбақ

Өңір басшысының айтуынша, осыған дейін кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жыл сайын Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларындағы медицина университеттеріне барып, түлектерімен келісіп, оларды өңірге жұмыс жасауға шақыратын.

null 

Ендігі жерде батысқазақстандық мектеп түлектерін өзге аймақтардағы ЖОО-ларда қажетті мамандықтар бойынша бюджет қаржысына оқытуға мүмкіндік бар. Олар 5-7 жылдан кейін оқуларын бітіріп келіп, осында тағылымдамадан өтіп, жұмысқа тұра алады. Оралда медколледж болғандықтан, орта буын кадрларына тапшылық жоқ, ал жоғары білімді дәрігерлер, әсіресе, ауылдық жерлерде қажет.

null 

Күні бүгін облыста 1500-ден астам дәрігер, 5500-ден астам орта буын медицина қызметкері 640 мыңдай тұрғынға қызмет көрсетуде. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында, сондай-ақ 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасында сала алдында тұрған міндеттер нақты көрсетіліп, осы заманғы озық технологиялар негізінде қызмет сапасын арттыруға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, міндетті әлеуметтік медициалық сақтандыруды енгізуге айрықша көңіл бөлінген. Денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан тұрақты назар аударылып  келеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде өңірдегі денсаулық сақтау бюджеті мыңнан астам есеге өсті. Мысалы, бастапқы кезде ол көрсеткіш 22 млн. теңге ғана болса, өткен жылы 27 млрд., биыл 30 млрд. теңгеден асып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы қазіргі заманғы талаптарға толық сәйкес келетін қалалық көп бейінді аурухана пайдалануға берілсе, 1,6 млрд. теңгеге 140 техника алынды. 2016 жылы 4 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөнделсе, биыл тағы 21 медицина мекемесі қайта жаңғыртылмақ. Сонда екі жылда 25 нысан күрделі жөнделмек, бұл мақсатқа 1,5 млрд. теңге бөлінді.

null 

Салтанатты жиында сала үздіктері «Еңбек ардагері» медалімен, облыс әкімінің алғысхаттарымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, құрмет грамоталарымен марапатталды.