Батыс Қазақстанда боранға байланысты жолдар жабылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінен алынған мәліметке қарағанда, 29 қаңтар күні күшті боран мен желдің жылдамдығы секундына 20 метрге жетуіне байланысты алдымен республикалық маңызы бар Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолының Федоров-РФ шекарасы бөлігі (37-144 км) сағат 18.00-ден бастап жабылды.

Содан кейін Самара-Шымкент жолының Жымпиты-Ақтөбе облысы шекарасы (394-526 км) бөлігінде барлық көлік түрлері үшін сағат 21.40-тан бастап қозғалысқа шектеу қойылды.

«Сондай-ақ 27 қаңтардан бастап жабылған облыстық маңызы бар Шыңғырлау-Лубен-Сегізсай және Тасқала-Аққурай-Болашақ жолдары әлі ашылған жоқ», деп хабарлады БҚО ТЖ департаментінен.

Айта кетейік, 29 қаңтар күні шамамен сағат 11.40-та Самара-Шымкент жолының 344-шақырымында Сырым ауданы аумағында жеті бірдей жүк көлігі түйісті.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәлімет бойынша оқиға алдыңғы көліктің кілт тоқтауынан орын алған. Зардап шеккендер жоқ. Дегенмен жүк көліктерінің соқтығысуы салдарынан кептеліс болды.

Өңірде бұдан бұрын да жолдар жабылған болатын.

Соңғы жаңалықтар