Батыс Қазақстанда доңыз тұмауына қарсы тиісті шаралар қабылдануда

ОРАЛ. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында доңыз тұмауына қарсы тиісті шаралар жасалуда.

Батыс Қазақстанда доңыз тұмауына қарсы тиісті шаралар қабылдануда

Орал қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхамед Арыспаевтың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, осы дерттің алдын алу үшін облыстық, қалалық штабтар құрылып, жұмыс жасауда. Теміржол вокзалы мен әуежайда, сондай-ақ көршілес Ресей облыстарымен шектесетін аудандарда барлығы тоғыз санитарлық-карантин бекеті бар. Пойыздар мен ұшақтар, автобустар үнемі бақылауда. Егер қызулап келе жатқан адамдар ұшырасса, дереу анализ алынып, алдымен осындағы вирусологиялық зертханадан, содан кейін Алматыда тексеруден өткізіледі. Доңыз тұмауына шалдыққан адам түсе қалған жағдайда оны оқшаулап емдейтін орындар да дайын. Әзірге мұндай оқиға кездескен жоқ.

Алдағы қазан айынан бастап күз, қыс кезінде күшейетін «үйреншікті» тұмаудың да алдын алуға арналған шаралар жүргізіледі.