Батыс Қазақстанда егілуге тиісті тұрғындардың 63 пайызы вакцина қабылдады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 226 811 адам вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда егілуге тиісті тұрғындардың 63 пайызы вакцина қабылдады

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бұл – егілуге жататын тұрғындардың 63 пайызы.

Соның 204 781-і (56,9 пайызы) екінші компонентті қабылдады.

Басқарма мәліметіне қарағанда, өткен тәулікте 721 адам бірінші компонентпен егілді. Соның ішінде созылмалы сырқаты бар 80 адам, 14 студент, 6 педагог, 3 медицина қызметкері, 2 құқық қорғау органының өкілі бар.

Өңірде тұрғындарды вакцинациялау жұмысы одан әрі жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы төрт күнде 230 адамнан коронавирус анықталғанын, сондай-ақ індет жұқтырған 100-ге жуық баланың емделіп жатқанын жазған болатынбыз.