Батыс Қазақстанда екі жүргізуші мас күйінде жол апатына ұшырады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі жүргізуші мас күйінде жол-көлік оқиғасына ұрынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда екі жүргізуші мас күйінде жол апатына ұшырады

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, екі оқиға да 19 қараша күні Бөкей ордасы ауданында болды.

Сағат 17.20-да 35 жастағы жүргізуші «Лада Ларгус» автокөлігімен Сайқын-Бисен жолында Сайқын ауылынан 10 шақырым қашықтықта рульге ие бола алмай, бетон қоршауға соқтыққан.

Соның салдарынан автокөлікте отырған жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Медициналық куәландыру жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас күйінде болғандығын көрсетті.

Сол күні шамамен сағат 10.00-де 24 жастағы жүргізуші Сайқын ауылында «ВАЗ-2107» автокөлігін жеңіл дәрежеде мас күйінде айдап, белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан кейуананы қағып кеткен.

Түрлі жарақат алған ол да ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі кезде осы екі оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөліктен түк қалмай өртеніп кеткенін , Батыс Қазақстанда қолайсыз ауа райына байланысты жол жабылғанын жазған болатынбыз.