Батыс Қазақстанда электр қуатының бағасы өзгергенімен, тұрғындар үшін тұрақты болып отыр
ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 5 қаңтарда ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің БҚО бойынша департаменті мен «Ақжайықэнергосауда» ЖШС электр қуаты бағасының көтерілуіне қатысты брифинг өткізді.
Департамент директоры Қуаныш Кенжеғалиевтің айтуынша, облыс электр қуаты жөнінен көршілес елге тәуелді. Жалпы, сатып алынатын қуаттың 40 пайызы Ресейден, 4,7 пайызы өзіміздің қуат көздерінен, 55,3 пайызы «ҚПО б. в.» компаниясынан алынады. 2009 жылдың қорытындысы бойынша облысты қуатпен жабдықтаушы «Ақжайықэнергосауда» ЖШС 232,1 млн. теңге шығынға ұшырады. Өткен жылы Ресейден сатып алынатын электр қуатының бағасы біршама қымбаттап, 1 квт. сағатқа 1,74 рубльді құрады, ал тарифтік сметадағы бағасы (10,8 пайызға өскен) 1,57 рубль болды.
«КЕГОК» АҚ-ның қызметтері 2008 жылғы 1 тамыздан электр қуатын беру 20 пайызға, торапқа босатуды техникалық диспетчерлеу 10 пайызға және электр қуатын пайдалануды теңгерімдеу 77 пайызға өсті.
Биылғы 1 қаңтардан бастап «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ жүйелер бойынша электр қуатын тасымалдау бағасы 1 квт. сағат үшін 2,82 теңгеден 3,20 теңгеге (13,4 пайызға) өсті. 2011-2012 жылдарға арналған тарифтің шекті деңгейін бекітуге байланысты тариф қайта қаралды.
«Ақжайықэнергосауда» ЖШС-мен, электр қуатын жеткізушілер және қызмет көрсетушілермен жасалған келісімшарттар негізінде қуатпен жабдықтау бағасының өсетіні жөнінде ақпарат таратылды. Нәтижесінде қуатты орташа жіберу тарифі 1 квт. сағ. үшін 10,50 теңге болып қалыптасты.
Хабарламаны қарау барысында департамент 2010 жылғы 7 айдың көлемін алғанда «Интер РАО ЕЭС» ААҚ-ның, «КЕГОК» АҚ-ның, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның тарифтері өсуі есебінен 1 квт.сағ. үшін 8,38 теңге шамасында орташа босату тарифін мақұлдады. Соның ішінде басқа да тұтынушылар үшін 1 квт. сағат үшін ҚҚС қосқанда 11,20 теңге, ал тұрғындар үшін тариф бұрынғы 6,88 теңге деңгейінде сақталып қалды.
Өзгерген тарифтің қолданысқа енгізілу мерзімі биылғы 7 қаңтардан басталады.