Батыс Қазақстанда Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған дәстүрлі турнир мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданында атақты палуан, қазақ күресінен Семей қаласында 1939 жылы республиканың тұңғыш абсолютті чемпионы атанған, кейін Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Еңсеп Досқалиевті (1905-1944) еске алуға арналған ІІІ республикалық турнир мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 
None
None

Жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі Жанат Асантаев, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева қазақ күресінің тарихында Еңсеп Досқалиевтей палуанның есімі ұмытылмайтынын, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес дәстүрлі турнирдің алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын жеткізді.
null

null

Жарысқа Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан және Орал қаласы мен өңірдің Бөкей ордасы, Қазталов, Бөрлі, Сырым, Қаратөбе аудандарынан сексенге жуық палуан қатысып, сегіз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

Турнир қорытындысында өз салмағы бойынша Шүрмен Бауыржан (55 кг), Мағжан Серіков (60 кг, екеуі де Қаратөбе ауданынан), Нұрдәулет Жәрдемов (66 кг, Орал), Айбол Оразғалиев (74 кг, Сырым), Дулат Байгенов (82 кг, Атырау), Нұрымжан Ғаббасов (90 кг, Сырым), Шыңғыс Шоқпытов (100 кг), Нұрсұлтан Иманғазин (+100 кг, екеуі де Ақтөбеден) чемпион атанды. Жарыс жеңімпаз-жүлдегерлері дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

«Түйе палуан» атағын жеңіп алуға 13 үміткер таласты. Солардың арасынан Н.Иманғазин үздік шығып, бас жүлдеге (250 мың теңге) ие болды. Қазталов ауданының атынан күрескен Ерназар Хамзин екінші, бөрлілік Темірлан Көлбай үшінші орынға көтерілді.

«Жоғары деңгейде өткен Қаратөбедегі дәстүрлі турнирде топ жарғаныма қуаныштымын. Осыдан бұрын Сырым ауданында өткен «Алаш барысы» турнирінде ұтылып, жеңіске жете алмап едім. Осы жолы соның қарымтасын қайырдым дей аламын. Қарсыластарым осал болған жоқ. Олардың сайысқа жақсы дайындықпен келгені көрініп-ақ тұрды. Өзім «Қазақстан барысы» турниріне төрт мәрте қатыстым. Түрлі деңгейдегі сайыстардан құралақан қалғаным жоқ. Қазақстан кубогын жеңіп алдым. Қазір Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етемін. Дзюдо, самбо және қазақ күресі бойынша ҚР спорт шеберімін», деді Нұрсұлтан Иманғазин.

Соңғы жаңалықтар