Батыс Қазақстанда инфекциялық стационарда жатқандар саны 150-ден асты
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, өңірде коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейіп, ауруханалар 30,2 пайызға толды.
Ауырғандардың бәрі де Орал қаласындағы 4 стационарда. Соның ішінде төртеуінің жағдайы ауыр. Олардың біреуі инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына, екеуі инвазивті емес осындай құрылғыға, тағы біреуі оттегі концентраторына қосылған.
Облыста 2184 (1309-ы инфекциялық, 875 карантиндік) резервтік төсек-орын әзірленді.
Өткен жылы 684 адам коронавирустан көз жұмса, биыл 4 науқас қайтыс болды.
Жыл басынан бері 1348 адамнан індет табылса, соның 35-і – балалар.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, вакцинация басталғаннан бері 259 756 адам (егілуге жататын тұрғындардың 62,6 пайызы) бірінші, 245 777-сі (59,3 пайызы) екінші компонентпен егілді.
Қазіргі кезде өңірде 60 878 доза бірінші, 80 513 доза екінші компонент бар.
Ревакцинациядан 26 347 адам өтті. Pfizer вакцинасын 6564 адам салдырса, соның 233-і – жүкті, 2890-ы – бала емізетін әйелдер, 3441-і – жасөспірімдер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанның «қызыл» аймаққа енуіне байланысты қатаң шектеу шаралары енгізілетінін, өңірде 600-ге жуық адамнан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.