19:56, 04 Қаңтар 2016 | GMT +5
Батыс Қазақстанда инвестиция көлемі 18,8 пайызға өсіп отыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өткен жылғы он бір айда өңір экономикасына 270 млрд. теңге құйылды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (217 млрд. теңге) 18,8 пайызға артық.
Инвестицияның басым бөлігі, яғни 219,6 млрд. теңге немесе 81,3 пайызы - шетелдіктерді қосқанда, кәсіпорындардың өз қаржысы. 33,4 млрд. теңге (12,4 пайызы) - бюджеттік, 17,0 млрд. теңге (6,3 пайызы) - зайымдық қаржы.
Инвестицияның қомақты көлемі (66,3 пайызы) кен өндіру өнеркәсібіне, 7,5 пайызы жылжымайтын мүлікпен операцияларға бағытталуда.
Өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған инвестиция көлемі 2,3 есеге өсіп, 14,9 млрд. теңгеге жетті.
Елбасы тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту облыс экономикасы үшін айрықша маңызды болып табылады. Өңірде инвестиция тарту жөніндегі өңірлік тұжырымдама жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.