Батыс Қазақстанда қар құрсауында қалған 20 адам құтқарылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында боранда қар құрсауында қалған 20 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда қар құрсауында қалған 20 адам құтқарылды

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Сырым және Теректі аудандарында болды.

17 наурыз күні сағат 20.58-де Сырым ауданы Шағырлыой ауылынан 7 шақырым жердегі «Ахметжан» қыстағынан жылқы іздеуге кішкентай баласымен трактормен шыққан малшының жоғалып кеткені жөнінде хабар түсті.

«Трекол» автокөлігімен жедел шыққан құтқарушылар сағат 01.10-да малшы мен оның баласын тапты.

Сағат 22.06-да Сырым ауданы Қоңыр ауылы маңында Самара-Шымкент жолынан 10-15 шақырым жерде «Нива» автокөлігі қар құрсауында тұрып қалған. 14-өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары 5 адамды (біреуі - бала) Қоңыр ауылына жеткізді. Сондай-ақ Тасқұдық ауылы маңында тұрып қалған «Нива» автөлкөлігінен 3 адам Жымпитыдағы жылыту пунктіне жеткізілді.

18 наурыз күні сағат 01.42-де Теректі ауданы Ақсоғым ауылынан бұрылар тұста, Барбастау-Индер автожолының 71-шақырымында 10 автокөлік (үшеуі - жүк, қалғаны - жеңіл көлік) қар құрсауында қалды. Бұдан 10 адам (алтауы - бала) Ақжайық ауылына апарылды.

Құтқарушылар облыс жолдарында күшейтілген режимде жұмыс жасауда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранға байланысты республикалық жолдар жабылғанын, облыстық жолдарда да көлік қозғалысы шектелгенін жазған болатынбыз.