Батыс Қазақстанда карантиндік шаралар жеңілдетіледі

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында карантиндік шектеу шаралары кезең-кезеңмен жеңілдетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың жаңа қаулысы 17 тамыздан бастап күшіне енеді.

Атап айтқанда, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, үш адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен сквер, алаңдарға, жағалауға, қалалық мәдениет және демалыс саябағына, басқа да демалыс орындарына баруға рұқсат берілді.

Ашық ауада жеке және топтық (5 адамнан аспайтын) жаттығу жасауға болады.

Ұлттық құрама мүшелері, клубтар спорт базаларында (30 адамнан асырмай) тұрып, шеберліктерін шыңдай алады.

Ашық ауада аттракциондар да жұмыс істейді.

Сауда үйлері мен орталықтары, сауда желілері, жабық азық-түлік және азық-түліктік емес базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, косметологиялық қызмет нысандары, ЅРА орталықтары (салондары), фитнес орталықтар, спорт және жаттығу залдары, спорттық-сауықтыру нысандары, монша, сауналар, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтары, балаларға арналған түзету кабинеттері, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтары, қоғамдық тамақтану нысандары өз қызметтерін қайта бастайды.

Есесіне банкеттер, үйлену тойлары, мерейтой, салтанатты, отбасылық және басқа көпшілік іс-шараларды өткізуге салынған тыйым өз күшінде қалады.

Өңірлер арасында жолаушылар тасымалдайтын автобустар жүрмейді.

Сол секілді сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлердің, бассейндердің, жағажайлардың; барлық ойын-сауық нысандарының (ашық ауадағы аттракциондарды қоспағанда), кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының, ойын алаңдарының барлық түрлерінің (аулалардағыны қоспағанда); түнгі клубтардың, барлардың, караокенің, компьютерлік және ойын клубтарының; кальяндық, букмекерлік кеңселердің, кейтерингтік қызметтер көрсетудің және мерекелерді ұйымдастыру жөніндегі қызметтердің; діни нысандардың, сондай-ақ барлық мәдениет нысандарының (театрлардың, концерт залдарының, мұражайлардың, көрмелердің, форумдардың); кезекші топтарды қоспағанда, меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметі тоқтатыла тұрады.

Жұмыс уақыты мен режимі бойынша шектеулер белгіленді.

Санитарлық талаптарды сақтай отырып қоғамдық көліктер сағат 07.00-ден 23.00-ге дейін жүреді. Ал сенбі, жексенбі (22, 23, 29, 30 тамыз) күндері автобустар саяжай бағыттарына (сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін, сағат 17.00-ден 23.00-ге дейін) ғана қатынай алады.

Осыған дейін тұрғындарға түнгі сағат 23.00-ден таңғы 06.00-ге дейін жеке көліктерімен жүруге салынған тыйым алынып тасталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында шектеу шаралары ұзартылғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар