Батыс Қазақстанда картоптан жақсы өнім алынуда
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің бастығы Николай Зинченконың айтуынша, әр гектардан 300 центнерден өнім алып жатқан шаруашылықтар бар. Облыс бойынша 4066,9 гектар жерге картоп егілсе, соның екі мыңнан астамы қазір жиналды. Орташа түсім 130 центнерге жуықтайды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас. Өткен жылы облыста көптеген шаруашылықтар картоптың әр гектарынан орташа есеппен 300 центнерден өнім алып, бір ерлеген болатын. Соның нәтижесінде облыста қырық мың тоннадан астам картоп жиналды. Бақша баптағандар да берекеден құр қалған жоқ. Өткен жылы 37,8 мың тонна көкөніс, 17 мың тонна түрлі бақша өнімі алынды. Осылайша тұрғындардың картоп пен көкөніске сұранысы тоқсан пайызға қамтамасыз етілген болатын.
Биыл картоп алқабының көлемі бұрынғыдан үш пайызға арттырылған еді. Өнімнің қазіргі көлеміне қарағанда, осы науқанда 50,1 мың тоннадай картоп қамбаға түседі. Өткен жылғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш төрт пайызға жоғары. Соңғы есеп бойынша облыстың ішкі сұранысы 55,6 мың тонна шамасында белгіленген. Яғни тұрғындар сұранысы тоқсан пайыздан аса өтелуі тиіс. Сырттан бес мың тоннадай ғана картоп тасылады. Биыл тамшылатып суарылатын алқап көлемі де едәуір ұлғайған.
Көкөніс көлемі биыл қырық мың тоннаға жетпек. Бұған қоса қырыққабаттың кеш пісетін сорты ( үш мың тонна шамасында) сырттан тасымалданады.
Өңірде жалпы сыйымдылығы 23 мың тоннадан асатын 25 көкөніс қоймасы бар. Оның 11-і Орал қаласында болса, қалғандары Бөрлі, Зеленов, Теректі аудандарында.
Қоймалар көкөністі келесі маусымға дейін толық сақтауға жеткіліксіз. Сондықтан картоп сақтайтын тағы бір қойма салынып жатыр. Оның сыйымдылығы - бес мың тонна. Өткен жылы жаңа үлгідегі германдық қондырғылармен жабдықталған екі үлкен қойма салынып, пайдалануға берілген болатын. Жылда бір-екі қойма салынып тұрса, таяу уақытта бұл мәселе толықтай шешілері анық.
Сонымен қатар жыл аяғына дейін өңірде жалпы аумағы 6210 шаршы метрлік бес жылыжай іске қосылмақ. Осы жылыжайларда 160 тонна көкөніс өсіріледі. Былайша айтқанда, облыс тұрғындары қыс мезгілінде де көкөністен тарықпайтын болады.