Батыс Қазақстанда қайырымдылық айлығы өткізілмек
ОРАЛ. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас Ассамблеясының қырық бесінші сессиясының ұсынысы бойынша Халықаралық қарттар күні дәстүрлі түрде жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен қазан айының екiншi жексенбiсi Қазақстан Республикасының Мүгедектер күнi болып белгіленді. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын тобына жататын азаматтарға қамқорлық көрсету, олардың жағдайларына көңіл бөлу мақсатында 2012 жылдың 1 қазаны мен 1 қарашасы аралығында «Мейірбандық күндері» облыстық қайырымдылық айлығын өткізу туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысы қабылданды.
Осыған байланысты барлық аудандарда және Орал қаласында қарттар күніне арналған қайырымдылық акцияларын өткізу, меншік нысанына қарамастан, облыстың кәсіпорындарын аталған акцияға қатысуға тарту, егде адамдарға материалдық көмек көрсету, қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерінде салтанатты шаралар өткізу, кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ басқа да қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.