Батыс Қазақстанда қазақ-иран-канадалық «QazChem» зауыты іске қосылады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қазақ-иран-канадалық "QazChem" бірлескен кәсіпорны құрылмақ. 

Батыс Қазақстанда қазақ-иран-канадалық «QazChem» зауыты іске қосылады

Бұл зауыт мұнай-газ компанияларын қазақстандық жоғары сапалы химиялық өніммен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл туралы кәсіпорын басшылығы мен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің кездесуінде мәлім етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.


Инвестиция тарту мақсатында БҚО делегациясы өткен жылдың тамызында Иран Ислам Республикасында болып қайтқан еді. Одан кейін бұл мәселе Оралда өткен «WestKazInvest-2016» форумында егжей-тегжейлі талқыланды.

Өңір басшысының айтуынша, 2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иранға жұмыс сапары барысында қос мемлекет арасындағы қарым-қатынасты, соның ішінде кәсіпкерлік байланысты дамыту қажеттігін атап өткен еді. Осыған орай ирандық инвесторлармен келіссөз жүргізіліп, соның нәтижесінде қазақ, иран және канадалық әріптестер арасында бірлескен кәсіпорын құру жөнінде заңды құжаттарға қол қойылып, нысандар құрылысы басталып кетті.


"QazChem" компаниясының басқарушы директоры Алиреза Сойед Хосейнидің сөзіне қарағанда, зауытта қазіргі заманғы жабдықтар негізінде жоғары сапалы өнім өндірілмек. Сонымен қатар өндірістің қоршаған орта үшін қауіпсіз болуы бірінші кезекте ескеріледі. Бұл өндірісті жобалаған кезде-ақ ҚР заңдылығы талаптарына толық сай келуі қарастырылған.


Жаңа зауыттың дамыту жөніндегі директоры Ғайса Жұмалиевтің мәлім еткеніндей, өнім Қазақстандағы мұнайгаз компанияларының сұранысын өтеп қана қоймай, оған қоса Батыс Қазақстан географиялық жағынан қолайлы орналасқандықтан, тасымалдау шығынын азайтуға да мүмкіндік береді. Таяу уақытта кәсіпорынның өндірістік базасында мұнайды дайындау және химиялық реагенттерді сақтайтын цех салынбақшы. Кәсіпорын іске қосылған кезде 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Кездесу соңында өндірістік нысандар құрылысының жоспары, инвесторлар мен жетекші мамандарды тарту және басқа да ынтымақтастық мәселелері талқыланды.