Батыс Қазақстанда көктайғаққа байланысты бірнеше трасса жабылды
"Қазгидромет" РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша 13-14 желтоқсан күндері өңірде күн жауын-шашынды болып, тұман түсіп, қатты көктайғақ болады деп күтілуде.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметке қарағанда, трассалар сағат 19.00-ден бастап жабылған.
Атап айтқанда, облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын бағытында барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу қойылды.
Сол секілді республикалық маңызы бар Орал-Атырау, Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-Жәнібек жолдары да жабылды.
«Қазіргі кезде жолдардың жабылғаны жөнінде тұрғындарға ескертілуде», - деп хабарлады ТЖ департаментінен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын облыста көктайғаққа байланысты жолдардың жабылғанын, сондай-ақ Оралда жарақат алғандардың саны 200-ден асқанын жазған болатынбыз. Ауа райының бұзылуынан жол-көлік оқиғалары да жиілеп отыр.