Батыс Қазақстанда көктайғаққа байланысты республикалық жол жабылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көктайғаққа байланысты республикалық жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша 3 қаңтар күні жергілікті сағат 22.40-тан бастап ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы (4-104 км) жолы жабылды.

Орал қаласынан Ресейдің Саратов облысы шекарасына дейінгі жолда барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.

Жабылу себебі – көктайғақ.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 4 қаңтар күні облыстың шығысы мен оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болмақ. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетпек. Орал қаласында да түнде және таңертең тұман мен көктайғақ болмақ. Желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетеді.

Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жарияланғанын жеткізіп, құбылмалы ауа райы жағдайында алыс жолға шықпау керектігін еске салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көліктің су арнасына түсіп кетіп, 2 адамның мерт болғанын жазған едік. Сонымен қатар 9 өңірдегі негізгі жолдар жабылды.


Соңғы жаңалықтар