Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру деңгейі 12,9 пайызға төмендеді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада (27 тамыз – 2 қыркүйек) алдыңғымен (20-26 тамыз) салыстырғанда, коронавирус жұқтыру деңгейі 12,9 пайызға (833-тен 725-ке) төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру деңгейі 12,9 пайызға төмендеді

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Кажушеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өткен тамыз айында облыста 3828 адамнан коронавирус анықталды.

Соның ішінде 2311-і (60 пайызы) ЖРВИ белгілері бойынша қаралса, 920-сы (24 пайызы) профилактикалық мақсатта тексерілген. 558-і (15 пайызы) бұрын ауырғандармен байланыста болса, 39-ынан (1 пайыз) эпидемиологиялық қадағалау мақсатында сынама алынған.

Ауырғандардың 36 пайызы (1393) Орал қаласында, 16 пайызы (608) Бөрлі, 15 пайызы (586) Бәйтерек, 5 пайызы (206) Теректі және 4,7 пайызы (183) Казталов ауданында тіркелді.

Гүлмира Қадырқызының сөзіне қарағанда, 531-і 14 жасқа дейінгілер болса, 114-і – 15-17, 426-сы – 18-25, 850-і – 26-40, 1097-сі – 41-60 жас аралығындағылар. 810-ы – алпыстан асқандар.

Сырқаттанғандардың тең жартысына жуығы, яғни 1876-сы (49 пайыз) – жұмыс істейтіндер, 960-ы (25 пайызы) – жұмыссыздар, 780-і (20,3 пайызы) – зейнеткерлер.

1 қыркүйектен бері өңірде 274 адамнан коронавирус табылды.

«Соңғы аптада мониторингтік топтар 80 рейд барысында 601 нысанды қамтыды. 8 нысанда бұзушылықтар анықталды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 18 хаттама толтырылып, 787 590 теңге айыппұл салынды. "Ashyq" жобасына қатысатын нысандарға соңғы аптада үйлерінде оқшаулануы тиіс 80 адамның (36-сы – «қызыл», 44-інің «сары» мәртебесі бар) келгені анықталды.

Аталған кодекстің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаларға қатысты 4 млн 346,330 мың теңге көлемінде барлығы 100 әкімшілік хаттама толтырылды», деді Г.Кажушева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 340 адамнан коронавирус табылғанын, 201 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын жазған болатынбыз.