Батыс Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары басталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, өңірге 1 мың доза ресейлік «Спутник V» вакцинасы жеткізілді.

Оның сөзіне қарағанда, вакцина кеше Нұр-Сұлтан қаласынан Ақтөбеге ұшақпен әкелінді. Одан кейін арнайы көлікпен бүгін таңмен Оралға жеткізілген вакцина қазіргі кезде облыстық қан орталығында тоңазытқыш камерасында сақталынуда.

«Бірінші кезекте коронавирус жұқтыру қаупі жоғары инфекциялық стационарлар, жедел жәрдем, қабылдау және жансақтау бөлімдері, емхана, басқа да емдеу мекемелерінің қызметкерлері егіледі», деді Арман Талғатұлы.

Оның айтуынша, жасы 18-ге толмағандарға және 65-тен асқандарға екпе салынбайды. Ал коронавирустың орта және ауыр түрімен ауырғандар 6, жеңіл сырқаттанғандар мен симптомы жоқтар 2 айдан кейін салдыра алады.

Вакцина хладоэлементтері бар термоконтейнерлермен тасымалданады. Тоңазытқыштан алынғаннан кейін екпе екі сағаттан артық ұсталмауы қажет. Әр вакцинада 3 миллиметр доза 5 адамға жетеді.

Екпе 6 қалалық емхана мен медицина орталықтарындағы егу кабинеттерінде егілетін адамның келісімімен жасалады. Әуелі дәрігер қарап, қызуын өлшейді. Егілген адам жарты сағат бақылауда болып, үйіне жіберіледі. Оның халін үш күн бойы медицина қызметкерлері хабарласып, біліп отырады. Алғаш егілгеннен кейін 21-інші күні екпені сол адам қайта алады. Бұл жолы екпенің дозасы күштірек болады. Сөйтіп коронавирусқа қарсы антидене қалыптасады.

«Алдын ала мәлімет бойынша 10 ақпанға қарай вакцина тағы да жеткізіледі. Коронавирустың бетін қайтару үшін қолға алынған аса маңызды іс-шара осылай жалғаса береді», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирусқа қарсы 180 мыңнан астам адамды егу жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар