Батыс Қазақстанда коронавирусқа шалдығу көрсеткішінің төмендегені байқалады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа шалдығу көрсеткішінің төмендегені байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өңірде эпидемиологиялық ахуал салыстырмалы түрде тұрақты деуге болады.

18 тамыз күні коронавирус жұқпасымен өңірде 28 адам тіркелсе, соның 20-сы – клиникалық белгілері жоқ, 8-і – ауру белгісі бар науқастар. 8 науқастың біреуі бұрын ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, жетеуі өздігінен медициналық көмекке жүгінген.

Кеше анықталғандардың 16-сы Орал қаласында, біреуі Бөрлі ауданында, 8-і Бәйтеректе, екеуі Теректіде, біреуі Қаратөбеде тіркелген.

Соңғы кезде облыстың көпшілік ауданында індеттің азая бастағаны көрінеді. Мысалы, 16 тамыз күнгі мәлімет бойынша бірде-бір ауданда коронавирус тіркелген жоқ (24 науқастың бәрі де Оралдан шықты). 17 тамызда 22 адамның жұқтырғаны анықталса, соның 11-і Оралға, қалған жартысы қалаға жақын орналасқан Бәйтерек ауданына тиесілі.

Күні бүгінге дейін облыста 6611 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Соның 3247-сі ауру белгісі барлар болса, 3364-інің ешқандай симптомдары жоқ.

Өңірде 5537 адам жазылып шықса, өкінішке қарай, 86 науқас көз жұмды.

1-18 тамыз аралығында облыста 408 адам сырқаттанса, соның 74-і немесе 18,1 пайызы бұрын ауырғандармен байланыста болған. 52 пациенттен (12,7 пайыз) профилактикалық мақсатта, 16-сынан (3,9 пайыз) эпидемиологиялық қадағалау бойынша сынама алынған. 266 науқас (65,1 пайыз) ЖРВЖ белгілерімен дәрігерге қаралған.

Сырқаттанушылықтың өсім көрсеткіші 17 және 18 тамызда 0,2 пайыз болды.

Департамент мамандарының айтуынша, жағдай тұрақталып келе жатыр екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Тұрғындардың бетперде киіп, ара қашықтықты сақтап, адам көп жиналатын жерлерге бармағаны жөн.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 115 мобильді бригада құрылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар