Батыс Қазақстанда қосымша карантиндік шектеу шараларын енгізу ұсынылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирустің өршуіне байланысты қосымша карантиндік шектеу шараларын енгізу ұсынылды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен өңірлік жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, қаулыға өзгерістерді 10 шілдеден бастап енгізу көзделуде.

Атап айтқанда, парктерде, жағалауларда, алаңдарда, скверлерде балалар мен ересектерге жылжу құралдарын (электромобиль, педальді автомобиль, самокат, картинг, гироскутер және т.б.) жалға беруге, ашық ауадағы атракциондар жұмысына тыйым салынады.

Моншалар сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс жасайтын болады.

Сонымен қатар сауна, СПА орталықтар, бассейндердің жұмыс кестесі қысқартылып, сағат 07.00-ден 21.00-ге дейін ашық болмақ. Бұл «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істемейтін нысандарға қатысты.

Мұхамғали Қайыржанұлының сөзіне қарағанда, 1 шілдеден бері облыста 1029 адамнан коронавирус табылып, соның 40 пайызы (407) Орал қаласында, 16 пайызы (169) Бәйтерек, 15 пайызы (154) Бөрлі ауданында тіркелді.

«Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес 28 маусымнан бастап Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Бәйтерек, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласы қызыл аймақта тұр. Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Теректі сары, Жаңақала ауданы жасыл аймақта», деді М.Арыспаев.

Шілде айында мемлекеттік шекарадан анықтамасыз 127 жолаушы өтті. Олардың арасынан коронавирус шыққан жоқ. Анықтамасыз өткен 370 жүргізушінің біреуінен індет табылды.

7 шілдеден бастап «Сырым» бекетінде анықтамасыз өткен жүргізушілер мен жолаушыларды тексеру үшін жылжымалы зертхана қойылды.

Осы айда барлығы 11667 ПТР зерттеу (күніне орта есеппен 1944) жүргізілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 41 пайызға өскенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар