Батыс Қазақстанда қыс кешеуілдеп шығатын түрі бар
ОРАЛ. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл қыс кешеуілдеп шығатын түрі бар.
«Қазгидромет» РМК-ның облыстағы филиалының мәліметіне қарағанда, 7-9 наурыз күндері күндіз де, түнде де -3º, -8º шамасында аяз болады. Тіпті 9-11 наурыз аралығында күн суытып, түнде -8º, -13º, ал күндіз -4º аяз болады деп күтілуде.
Наурыз айының екінші онкүндігінің бастамасында ауа температурасы күндіз +1º және +6º арасында жылы болғанымен, түнде тіпті -5 градусқа дейін суытып құбылады. Есесіне екінші онкүндіктің соңына таман күн суытып, түнде ауа қысымы -8º, -13 градусқа дейін төмендеп, ал күндіз -2 градус аяз, тіпті БҚО-ның кейбір аумақтарында -7 градусқа дейін суытуы ықтимал. Ал наурыз айының соңғы онкүндігінің алғашқы жартысында, яки 21-25 наурыз күндері көктем күн санап күш алып, түнде -2 градусқа дейін аяздатқанымен, күндіз +5, +10 градусқа дейін жылы болады. Бірақ көктемнің алғашқы айының 26-28 күндері күн қайта суытып, түнде -3º, -8º аяз, күндіз +5 градусқа дейін жылы болады. Ал айдың соңғы (29-31) күндері көктемнің жылы лебі сезіліп, түнде +2º және +3º жылы болып, адамдар күндіз қызуы +8, +13 градустық күн шуағын сезінеді.
Ауа райын болжаушы мамандардың мәліметіне қарағанда, бұл айдағы жауын-шашынның мөлшері қалыпты болмақ. Наурыздың бірінші онкүндігіне қоса, екінші онкүндікте және үшінші онкүндіктің ортасына таман қар жауады. Айдың алғашқы онкүндігінің ортасында және үшінші онкүндіктің басында қар аралас жаңбыр жауып, тұман түсіп, көктайғақ болады.