Батыс Қазақстанда «Қызғалдақ көктем» халықаралық ән байқауы өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда «Қызғалдақ көктем» атты эстрадалық әндерді орындаушылардың І халықаралық ән байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес «Туған жер» бағдарламасы аясында Қазталов ауданында алғаш рет ұйымдастырылған өнер мерекесіне Қазақстан өңірлерімен қатар Ресейдің Орынбор, Саратов, Самара облыстарынан отызға жуық үміткер қатысып, бақ сынады.
Елге танымал өнер адамдары қазылық жасаған байқауда жас әншілер бес тілде ән шырқады.
Сайыс қорытындысында қазталовтық Айымбек Сәртөков бас жүлдені жеңіп алды. Оралдық Дамир Сатыбаев бірінші, Теректі ауданынан келген Айбек Дәулетқалиев пен оралдық Тарас Жауымбаев екінші, қазталовтық Асхат Нығметов, тағы бір оралдық Азамат Амангелді және сырымдық Асыл Әбуғалиева үшінші орынға ие болды.
Аудан әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, Қайыңды ауылы маңындағы қызғалдақты алқап жыл сайын көктемде әсем көркімен ерекшеленеді. Сондықтан Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған идеялар аясында фестивальді сол қызғалдақты мекеннен бастау ұйғарылды. Этноауылда киіз үйлер тігіліп, қонақтар қазақ халқының ежелгі ұлттық қолөнері, тағамдары, зергерлік бұйымдары мен киімдері, салт-дәстүрлерімен танысты. Садақ ату, аударыспақ, күрес, күш сынасу секілді ұлттық ойындарды тамашалады. Қазақтың күйлері орындалып, қызғалдаққа арналған өлеңдер оқылды. Ал веложорыққа қатысушылар аудан орталығы Қазталовтан Қайыңдының қызғалдақты алқабына дейінгі 150 шақырым аралықты жүріп өтті. Фестиваль аясында халықаралық ән байқауы да жоғары деңгейде өтті.
«Бүгінгі жас ұрпақты өз Отанын сүюге тәрбиелеу, атамекен, туған жерін құрметтеуге баулу мақсатында «Қызғалдақ көктем» фестивалін жыл сайын өткізбекшіміз. Ал халықаралық ән байқауын екі жылда бір рет ұйымдастыру көзделуде», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Абат Абайұлы. 
