Батыс Қазақстанда мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні қарсаңында Бәйтерек ауданы Погодаев ауылында жаңа мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атап өткеніндей, бұл –мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған нысанның бірі.

Туған ауылында осындай заманауи нысанды салып, сыйға тартқан кәсіпкер Бейбіт Асановтың ісі үлгі етуге тұрарлық.

«Облыста дарынды спортшылар баршылық. Алды Олимпиада ойындарында, әлем, Азия чемпионаттарында олжа салып келеді. Жүлдегерлердің көбі ауылдан шыққан.

Ендеше, Погодаев ауылынан да алдағы уақытта ел намысын абыроймен қорғайтын спортшылар шығады деп сенемін», - деді Ғали Есқалиев.

Батыс Қазақстанда соңғы кезде спорт саласына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде Орал қаласы мен облыс аудандарында тоғыз спорт кешені салынуда. Жаңақала ауданы Жаңақала ауылында спорт кешені іске қосылса, енді Теректі ауданы Подстепный ауылы мен Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылының тұрғындары да сондай қуанышқа кенелетін болады.

Өңірге танымал кәсіпкер Бейбіт Асанов ауылында осындай спорт кешенін салуды он жылдан бері армандап келгенін, оған үлес қосқан азаматтардың бәріне ризашылығын білдірді.

Кәсіпкер биыл мамыр айында басталған нысан құрылысына 100 млн астам теңге қаражатын жұмсаған. Мұнда волейбол, баскетбол, шағын футбол ойнауға болады. Бишілерге арналған зал да бар. Кешенде бір мезгілде 120 адам жаттыға алады. Сондай-ақ 16 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туып отыр.

Еске сала кетейік , бұдан бұрын тоғызқұмалақтан БҚО құрамасының командалық жарыста ел чемпионы атанғанын жазған едік.