Батыс Қазақстанда мал ұрлаумен айналысқан тағы бір топ ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мал ұрлаумен айналысқан тағы бір қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған топқа облыс аудандарында алты рет мал ұрлады деген айып тағылып отыр.
Соның ішінде Бәйтерек ауданында – екі, Бөрліде – үші, Тасқалада бір дерек тіркелген.
Барымташылар 13 бас малды (8 қой, 3 ірі қара, 2 жылқы) қолды қылған. Ұсталған күдіктілер - Бәйтерек, Бөрлі және Ақжайық аудандарының тұрғындары.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 188-бабына (ұрлық) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар үш тұрғыннан құралған тағы бір топтың қылмысы әшкереленді. Бұлар Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарында 13 рет мал ұрлаған. Бұл қылмыстық істің тергелуі аяқталуға жақын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын облыста 27 млн теңгенің малын ұрлағандар сотталғанын жазған болатынбыз.