Батыс Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттарға 673 кандидат ұсынылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында партиялық тізімдерді қосқанда, Мәжіліс пен мәслихаттарға 673 кандидат ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО аумақтық облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, соның ішінде бір мандаттық округтер бойынша 620 адамнан өтініш түссе, қазіргі кезде олардың заңға сәйкестігі анықталып, тіркеу жұмыстары жалғасуда.

Оның айтуынша, соның ішінде 65-і облыстық, 104-і қалалық және 438-і аудандық мәслихатқа бақ сынап көрмек.

Облыстық және қалалық мәслихаттарға бір орынға 4,3, аудандық мәслихатқа 3,3 адамнан келіп отыр. Жоғары бәсекелестік Орал қаласында, мысалы, №8 сайлау округінде 7, №18 округте 8 үміткер бәйгеге қосылмақшы. Аудандар бойынша Теректіде №1 округте 6, Сырымда №2 округте 5 адам ұсынылды.

Комиссия төрағасының сөзіне қарағанда, ұсынылған адамдардың 516-сы немесе 76,7 пайызы – ерлер, 157-сі немесе 23,3 пайызы – әйелдер. Олардың ең жасы 2001 жылғы болса, ең үлкені – 1947 жылғы үміткер. Барлығы алты партия өз кандидаттарын ұсынды.

«Облыста мажоритарлық жүйе бойынша №14 сайлау округінен Мәжіліске бір депутат сайланатыны белгілі. Ең көп бәсекелестік осында болып отыр. Мұнда бір орынға 14 кандидат таласуға ниет білдірді. Соның ішінде екеуі Қазақстанда 10 жыл тұрғаны туралы тіркеу қағазын әкелмеуіне байланысты сәйкестіктен өткен жоқ. Егер олар сотқа жүгініп, дұрыстығын дәлелдесе, қайта қарайтын боламыз. Әзірге бізді сотқа шақырған жоқ», деді Ғ.Қапақов.

Кандидаттар 18 ақпанға дейін салық декларацияларын тапсырып, Орталық сайлау комиссиясына жарналарын төлеуі тиіс.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 227 адамның Мәжіліс пен мәслихатқа өзін-өзі ұсынғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар