Батыс Қазақстанда мемлекетке 7,5 млн. астам теңге залал келтірген адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында бір мемлекеттік мекеме бастығының конкурстық комиссия төрағасымен және ЖШС құрылтайшысымен алдын ала қылмыстық ымыраласуға келіп, БҚО ауылдарының біріндегі сумен жабдықтау нысанын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстың жеңімпазы ретінде аталған серіктестікті заңсыз тану жолымен ірі мөлшердегі бюджеттік қаражатты талан-таражға салғаны анықталды.

Батыс Қазақстанда мемлекетке 7,5 млн. астам теңге залал келтірген адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

ЖШС құрылтайшысы мемлекеттік мекеме бастығының келісімі бойынша, конкурстың басқа қатысушылары алдында артықшылық алу мақсатында конкурстық өтінімде ЖШС қызметкерлерінің санын негізсіз асырып көрсеткен. Сөйтіп серіктестікте кәсіптік біліктілік деңгейі бар 207 қызметкер жұмыс жасайтыны жөнінде мамандардың жалған тізімін берген, іс жүзінде олардың саны 45 қана болған. Бұл ЖШС-ні жеңімпаз деп тану және баға ұсыныстары төмен басқа қатысушылардың конкурстық өтінімдерін қабыл алмау үшін негіз болып табылған. Соның салдарынан аталған тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 7,5 млн. теңгеден астам шығын келтірілген.

Аталған факті бойынша мекеме бастығы, конкурстық комиссияның төрағасы және ЖШС құрылтайшысына қатысты ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімі «б», «г» тармақтары (сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемдену немесе рәсуалау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.