Батыс Қазақстанда оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға 195 млн. теңге бөлінбек

ОРАЛ. 19 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 58 мыңға жуық жеткіншекті немесе оқушылардың 70 пайызын жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту көзделіп отыр.

Батыс Қазақстанда оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға 195 млн. теңге бөлінбек

Облыстық білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бұл мақсатқа 195 млн. теңге қарастырылмақ. Соның ішінде 154,9 млн. теңге қазынадан бөлінетін болса, 40,1 млн. теңге - бюджеттен тыс қаражат. Жазғы демалысты ұйымдастыруға жалпы білім беру қорынан 71 млн. теңге беріледі. Ата-аналардың үлесі - 20,6 млн. теңге, 19,5 млн. теңге демеушілер есебінен.

Өңірдегі «Еуразия», «Дарын», «Атамекен» сынды ең ірі үш лагерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 60 орындық «Самал» сауықтыру лагері жаңадан ашылмақ. Облыстағы стационарлық лагерьлер саны 15-ке жетіп, 7 мыңға жуық оқушыны қамтымақ. Мектептер жанындағы лагерьлерге оқушылардың 40 пайызға жуығы бармақ. Сондай-ақ шатырлы лагерьлер 30-ға жетіп, 6 мыңға тарта оқушыны демалдырмақ. Туризм орталықтарында 9 мыңнан астам жеткіншек түрлі шараларға қатыспақ.

Оқушылар алдағы жазда Астанаға, Ақ Жайық өңірінің тарихи жерлеріне, Оңтүстік Қазақстан, Атырау (Сарайшық) облыстарына, Ресей Федерациясы қалаларына сапар шегеді.