Батыс Қазақстанда өлген киіктер саны 2 мыңға жетті - Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Батыс Қазақстанда өлген киіктер саны 2 мыңға жетті.
Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысындағы аймақтық инспекцияның мәліметтері бойынша, мамырдың 18-і күні Жәнібек, Таловка, Қараоба деген ауылдардың маңында 200-дей өлген киіктердің денелері табылды. «Ал мамырдың 20-сы күні ол туралы Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі сияқты мемлекеттік органдарға хабарланды», дейді комитет төрағасы.
Мамырдың 20-сы күні арнайы комиссия киіктердің өлігі табылған аймаққа тексеруге шыққанда тағы 1200 өлген киік тапқан.
«Киіктердің өлімінің бірінші белгілері, олардың іштері кеуіп кеткен, ал ауыздарынан жасыл көбік ағып жатыр. Қазіргі таңда оның не себепті болғандығы анықталуда. Оқиғаның салдары зерттелуде. Жақын арада біз оның нақты себептерін білеміз деген ойдамын», деді Е. Нысанбаев.
Оның мәліметтерінше, Батыс Қазақстан аймағында осы уақытқа дейін 26 600 киік болған. Ал республика бойынша, киіктер саны 2003 жылы - 21 мың болса, осы уақытқа дейін олар 90 мыңға жеткен.
«Бүгінгі қалыптасып отырған жағдай біз үшін үлкен шығын», деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.